Бір айда 170 іс-шара: СҚО полицейлері есірткіге қарсы науқанның қорытындысын шығарды

Бір айда 170 іс-шара: СҚО полицейлері есірткіге қарсы науқанның қорытындысын шығарды

Петропавлдың Бас алаңында өткен ауқымды концертпен полицейлер Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған бір айлық профилактикалық науқанды қорытындылады. Осы уақыт ішінде облыста 170-ке жуық түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – жастардың есірткіге тәуелділікке және есірткі қылмысына тартылуына жол бермеу.

Іс-шара барысында салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқан еріктілер, бұқаралық ақпарат құралдарының, білім беру, денсаулық сақтау салаларының өкілдері және басқа да азаматтар полицияның Алғыс хаттарымен марапатталды.

Облыс әкімдігі Жастар ресурстық орталығының қызметкері Мұса Әубәкіровке ҚР ІІМ-нің Алғыс хаты табысталды.

Мерекелік бағдарламаны Солтүстік Қазақстан облысының шығармашылық ұжымдары, өнерпаздары мен спортшыларының қатысуымен өткен концерт жалғастырды.

Бағдарламаның ерекше бөліктерінің бірі полицияның кинолог қызметкерлерінің көрсетілімі болды. Қызметтік-іздестіру иттерінің жұмысын көрсету әсіресе жас көрермендердің зор қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ СҚО ПД жедел қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері де өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетті.