Полиция мен кәсіпкерлер Петропавлдағы түнгі ойын-сауық орындарының жұмыс уақытын қысқартуға келісті

Полиция мен кәсіпкерлер Петропавлдағы түнгі ойын-сауық орындарының жұмыс уақытын қысқартуға келісті

Петропавл қаласындағы түнгі ойын-сауық орындарының жұмыс уақыты бір сағатқа қысқарады. Мұндай шешім полиция қызметкерлері мен барлар және дәмханалар иелерінің кездесуі қорытындысы бойынша қабылданды.

Жыл басынан бері облыс орталығындағы түнгі ойын-сауық орындарынан полицияға 352 шақырту тіркелген. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, апта сайын дерлік төбелес, ұрлық және басқа да құқық бұзушылықтар туралы хабарламалар түсіп отырады.

Ерекше алаңдаушылық тудырып отырған мекемелердің бірінде қаңтар айынан бері 32 өтініш тіркелген. Олардың басым бөлігі төбелес пен ұрлыққа қатысты. Полицияның айтуынша, ойын-сауық орындарындағы құқық бұзушылықтардың көбі таңғы сағат 04:00-ден кейін жасалады.

25 маусым күні Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов барлар мен дәмханалар иелерімен кездесті. Кездесу барысында қылмыс деңгейін төмендету және келушілердің қауіпсіздігін күшейту шаралары талқыланды.

Нәтижесінде тараптар түнгі ойын-сауық орындарының жұмыс уақытын бір сағатқа қысқарту туралы келісімге келді. Сонымен қатар, полиция келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында кәсіпкерлермен бірлескен профилактикалық жұмыстарды жалғастырады.