
Солтүстік Қазақстан облысында жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігі полицияның ерекше бақылауында. Тәртіп сақшылары сауықтыру лагерьлерін тексеріп, балалармен әңгімелесіп, олардың қауіпсіздігін қадағалауда.
Мағжан Жұмабаев ауданындағы «Берёзка» лагерінде қазіргі уақытта 73 бала демалуда. Мұнда балалардың қауіпсіздігі тәулік бойы қамтамасыз етіліп отырғанына көз жеткізу үшін Лебяжье ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі тұрақты түрде келіп тұрады. Лагерь аумағы толықтай бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Камералар лагерь директорының кабинетіне шығарылған.
Лагерьде күзет қызметінен басқа ювеналдық полиция қызметкері де тұрақты түрде жұмыс істейді. Ол балалардың жанында болып, бөгде адамдардың аумаққа кірмеуін қадағалайды. Күн сайын тынығу уақытынан кейін профилактикалық әңгімелер өткізеді. Мопед немесе электрсамокат мінуді армандайтын жасөспірімдер тарапынан сұрақ көп қойылады. Полиция қызметкері көлік құралдарын тіркеу тәртібін және оларды пайдалану қағидаларын түсіндіреді. Сонымен қатар жолдағы және су айдындарындағы қауіпсіздік туралы да айтылады.
«Балалар ережелерді білмей жатса да, полиция әрқашан қасымыздан табылады және бәрін түсіндіріп береді», — дейді лагерьде демалып жатқан тоғыз жасар Дильнара Сәрсенбаева. Оның айтуынша, полицейлер маңызды мәселелерді түсіндіруге, әрдайым көмекке келуге дайын.
Жазғы демалыс кезеңінде балаларды сауықтыру лагерьлеріндегі қауіпсіздік полицияның ерекше бақылауында болады. Тәртіп сақшылары тексерулер жүргізуді, профилактикалық жұмыстар өткізуді және балалар демалысының тыныш әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуді жалғастыруда.