Заңсыз қайта жабдықталған автобус СҚО-да анықталды

Заңсыз қайта жабдықталған автобус СҚО-да анықталды

Жолаушыларға арналған орындықтардың орнына — жатын орындар. Осындай заңсыз қайта жабдықталған рейстік автобусты Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықтады. Тәртіп сақшылары тиісті рұқсатсыз көлік құралын қайта жабдықтауға жол берілмейтінін, оның жолаушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екенін атап өтті. Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Аталған дерек «Жезқазған — Петропавл» автожолында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тіркелді. Іс-шара 5 күн бойы өткізілді.

Осы уақыт ішінде полицейлер көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтаудың 6 фактісін анықтады, оның ішінде 2 жағдай автобус жүргізушілеріне қатысты. Сондай-ақ техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын басқарғаны үшін 35 жүргізуші жауапкершілікке тартылды, олардың 8-і — автобус жүргізушілері.

Жалпы, жедел-профилактикалық іс-шара барысында жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 187 түрлі фактісі анықталды. Жүргізіліп жатқан тексерулердің мақсаты — жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.