Робот-ит, 100 жаңа автокөлік және үздік қызметкерлерге марапаттар: Петропавлда Қазақстан полициясы күні аталып өтті

Робот-ит, 100 жаңа автокөлік және үздік қызметкерлерге марапаттар: Петропавлда Қазақстан полициясы күні аталып өтті

Қазақстан полициясы күні Петропавлдың басты алаңында облыс басшылығының, ішкі істер органдарының ардагерлерінің, полиция қызметкерлерінің және қала тұрғындарының қатысуымен салтанатты іс-шара өтті. Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов жеке құрам мен ардагерлерді кәсіби мерекемен құттықтады.

Мерекенің басты оқиғаларының бірі заманауи робот-полицейдің таныстырылымы болды. «Робот-ит» жинақталуына қарай түрлі міндеттерді орындай алады: тыйым салынған заттарды іздеуден бастап іздеуде жүрген адамдарды анықтауға дейін. Мамандар жаңа техникалық құралдың бірқатар мүмкіндіктерін көрсетіп, қала тұрғындарына, әсіресе балаларға ерекше әсер сыйлады.

Маңызды оқиғалардың бірі жаңа қызметтік автокөліктердің кілттерін табыстау рәсімі болды. Полиция бөлімшелерінің автопаркі жүзге жуық автокөлікпен толықты. Олар түрлі қызметтерге бөлінетін болады. Техниканың жаңартылуы қызметкерлердің мобильділігін және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді.

Іс-шара барысында ҚР ІІМ министрі Ержан Саденовтың құттықтау жеделхаты оқылды. Бірқатар полиция қызметкерлері мен ардагерлері марапатталды. Мерекелік бұйрыққа жиырмадан астам адамның есімі енгізілген. Облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталғандардың қатарында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан учаскелік полиция инспекторы Владимир Синицынның жұбайы Ирина Котельник те бар.

ҚР ІІМ министрінің бұйрығымен Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Сапаровқа полиция полковнигі арнайы атағы мерзімінен бұрын берілді.

Іс-шара Солтүстік Қазақстан облысының шығармашылық ұжымдарының, СҚО ПД хорының және қазақстандық эстрада әншісі Мұқасан Шахзадаевтың қатысуымен өткен мерекелік концертпен аяқталды. Концерт алаң үстінде дрондардың көмегімен көтерілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы аясында өтті.