
Тіпті жүйкесі әбден шыныққан жедел уәкілдердің де арада қанша жыл өтсе де ұмыта алмайтын оқиғалары болады. Асан Мейрамов үшін сондай ауыр естелік – Есіл өзенінен пышақ жарақаттарымен табылған кішкентай баланың мәйіті.
Мектеп жасына дейінгі бала із-түзсіз жоғалғандар қатарында болған. Анасы көз жасына ерік беріп, оның серуенге шығып, қайта оралмағанын айтып, біреулер шабуыл жасауы мүмкін деген болжам жасаған. Бір ай бойы Асан Мейрамов пен басқа да полицейлер түрлі нұсқаларды тексерді. Жүздеген ықтимал куәгерден жауап алынып, ондаған күдікті тексерілді. Бұл қатыгез қылмыстың ашылуын облыстық полиция басшылығы ғана емес, ҚР ІІМ де күткен еді. Алайда ешбір нұсқа расталмады.
Кейіннен бұрын сотты болған ананың алибиі де расталмайтыны анықталды. Ақырында полицейлер тіпті талай қылмысты көрген тәжірибелі жедел уәкілдердің өзіне сену қиын болған жайтты дәлелдеді. Әйел алты жасар ұлын тіл алмағаны үшін өзі өлтірген...
«Жедел уәкілдің жұмысындағы ең маңызды нәрсе – психологияны түсіну, – дейді полиция полковнигі Асан Мейрамов. – Мұны маған ең алдымен аға буын әріптестерім үйретті. Ол кезде қылмысты ашудың заманауи құралдары болған жоқ, қылмыстық іздестіру қызметінің барлығы адамдармен жұмыс істеуге негізделетін. Олар күдіктінің сырын ашуға, куәгердің сеніміне кіруге көмектесетін тәсілдерді үйретті. Мысалы, егер куәгердің балық аулауға құмар екенін білсең, осы тақырыпты жақсы меңгеруге тырыс. Сонда оның сеніміне кіру мүмкіндігің артады. Адам өзіңді жақын көрсе, саған көбірек сенеді, ашыла түседі. Тек алдамау керек! Оның қызығушылықтарына шынайы көңіл бөліп, жақын адамыңдай қараған жөн...»
Асан Мейрамов жедел қызметке 1996 жылы келді. Бұл шешім бір жағынан тосын болды: оған дейін құқық қорғау органдарындағы қызмет туралы көпшілік сияқты ол да аз білетін. Бар білгені детективтік шығармалардан еді, ал олар полиция қызметінің шынайы болмысын толық көрсете алмайтын. Мемлекеттік тергеу комитетіне қызметкерлер қабылданып жатқанын естігенде, өз күшін сынап көруге бел буды. Спортпен айналысқан жас жігітті қызметке қабылдады.
«Кадр бөлімінің бастығы Әлібек Жансейітов менен: “Саған қайсысы жақын – қағазбен жұмыс істеу ме, әлде адамдармен бе? Кабинетте отырғанды ұнатасың ба, әлде кез келген ауа райында қаланы аралағанды ма?” – деп сұрады. Қозғалысты жақсы көретін, адамдармен тез тіл табысатын жас жігіт еш ойланбастан екінші нұсқаны таңдады».
Тәжірибеден өту кезінде тәжірибелі жедел уәкілдер Вавилов пен Ахметовтің жұмысын бақылап жүріп, жас Асан Петропавлдың шет аймақтарындағы өмірдің көлеңкелі тұстарын көрді. Черёмушки, Ойқала, Былғары зауыты аудандарында ол кезде притондар да, полиция есебінде тұрған адамдар да, кез келген қылмыс орын алуы мүмкін қолайсыз отбасылар да аз емес еді.
Қаланың қалған бөлігін ол кейін, 2006 жылдан бастап басшылық қызметтерге ауысқан кезде жан-жақты танып білді. Алдымен «Тайга» базарынан бастап қаланың шетіне дейінгі аумаққа қызмет көрсететін Бірінші полиция бөлімінің бірінші орынбасары болды. Бұл қызметте ол жедел бағыт бойынша жұмыс істеп, 25 жедел уәкілдің қызметін үйлестірді. Кейін теміржол вокзалы мен Жұмысшы кенті ерекше бақылауды талап ететін Екінші полиция бөлімін үш жыл басқарды. Одан кейін облыстық ІІД-де жеке адамға қарсы қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы, сондай-ақ қалалық ІІБ бастығының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
28 маусым күні Асан Мейрамовтың алғашқы бұйрығы шығып, адам өлтіру қылмыстарын ашу бөлімінде қызметке кіріскеніне тура 30 жыл толады. Осы уақыттың басым бөлігі жедел қызметпен байланысты болды. «Мен өмір бойы дерлік адам өлтіру қылмыстарын ашумен айналыстым», – деп әзілдейді ол.
Оның қоржынында көптеген марапаттар бар. Солардың қатарында тапсырыспен жасалған резонансты кісі өлтіру қылмысын ашқаны үшін берілген ҚР ІІМ Құрмет грамотасы да бар. Бұл іс бойынша Солтүстік Қазақстан облысына арнайы келіп, облыстық қаржы полициясы бастығының орынбасарын атып өлтіруді жоспарлаған Ресей Федерациясының екі азаматы әшкереленді. Олар Алматы қаласында ұсталды.
«Дегенмен мен үшін ең үлкен мақтаныш – марапаттар емес, – дейді ол. – Менің шәкірттерім – басты мақтанышым. Қызмет жолын менің қарамағымда бастап, тәжірибемді үйренген көптеген қызметкерлер бүгінде басшылық лауазымдарға көтерілді. Демек, олардың бойындағы әлеуетті дұрыс бағалай алғанмын».
Көріп отырғанымыздай, бұл жерде де ұстаздарының тәлімі мен адамдарға мұқият қарау дағдысы өз жемісін берген. Бұл қасиет қазір де пайдалы болып отыр. Бүгінде Асан Қайдарұлы Жамбыл ауданындағы осындай қызметтен кейін Мағжан Жұмабаев ауданының полиция бөлімін басқарады.
Қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көші-қон саласын бақылау, табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстар – аудандық полиция бөлімінің бастығы жауап беретін ауқымды міндеттердің бір бөлігі ғана. Ауылдық жердің өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда мал ұрлығының алдын алу, браконьерлікпен күрес өзекті. Кейде полициядан жасырынып, жеркепеде жүрген пәтер ұрысын да кездестіруге болады.
Қылмыстарды ашып қана қоймай, олардың алдын алу да қажет. Бұл жұмысты Асан Мейрамов заманауи тәсілдермен, әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып жүргізеді. Тек профилактика мәселелеріне арналған чаттың өзінде ауданның жүзден астам басшысы біріктірілген. Оның бастамасымен «Stop мошенник» Telegram-арнасы іске қосылды.
«Кезінде өз күшімді сынап көріп, полиция қызметіне келгеніме қуаныштымын, – дейді ол. – Осы отыз жыл бойы өзімді қоғамға қажет адам ретінде сезініп келемін. Қазақстан полициясы күні қарсаңында әріптестеріме осы сезімнен ешқашан айырылмауды тілеймін. Өйткені мамандықты дұрыс таңдағанымызды дәл осы сезім көрсетеді».