
Петропавл қ. Полиция басқармасында бір жыл бір ай жұмыс істеп жүрген жас маманның кәсіби дайындығы көптеген тәжірибелі криминалистерден кем түспейді. Жедел-криминалистикалық бөлініс қызметкерлерінде, әдетте, сегіз рұқсаттың 3-і не 4-і ғана болса, полиция лейтенанты Дариға Байтеңізовада олардың алтауы бар. Ол мұнымен тоқтап қалмай, біліктілігін одан әрі арттыруды жоспарлап отыр.
Адамдарға көмектесу, әділдік орнату деген бала күнгі арманы Дариғаны полиция қызметіне жетелеген. ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында оқытушылар оның зор әлеуетін байқап, криминалистикалық зерттеулердің барлық түрін үйреткен.
Олардың ішінде тәжірибеде ең көп сұранысқа ие бағыт – дактилоскопиялық зерттеулер. Дариғаның алғашқы қызметтік іссапарларының бірі ұялы телефон ұрлығымен байланысты болды. Заречный кентінің тұрғыны бейтаныс адаммен бірге ішімдік ішкеннен кейін телефонының жоғалғанын байқаған. Ол күдіктінің аты-жөнін де, түр-сипатын да айта алмаған. Алайда спирттік ішімдік бөтелкелерінен алынған қол іздері ІІМ деректер базасында бұрыннан тіркелген болып шықты. Тұлғасы анықталғаннан кейін жедел қызметкерлер оны тез тауып, қылмысқа қатыстылығын дәлелдеді.
Жұртшылықтың наразылығын тудырған мешіт киімжайындағы ұрлық Дариғаның біліктілігінің нәтижесінде жедел ашылды. Оқиға орнынан табылған қол іздерінің арасынан ол Ақмола облысында бұрын деректер базасына енгізілген қыздың саусақ іздерін анықтады. Алынған мәліметтердің көмегімен полицейлер күдіктіні қысқа мерзім ішінде тапты.
Криминалистің жұмыс күні түрлі зерттеулермен өтеді. Дегенмен, аптасына бір-екі рет Дариға жедел-тергеу тобының құрамында кезекшілікке түседі. Оның құрамына жедел уәкіл, тергеуші және криминалист кіреді. Кез келген қылмыстың ашылуы дәл осы топтың жұмысынан басталады. Кезекшілік тәулік бойы жалғасады. Одан кейін аз ғана тынығып, қайтадан жұмысқа кіріседі.
Жұмыс қаншалықты қауырт болса да, Дариға анасына хабарласуға уақыт табады: «Менде бәрі жақсы. Тергеу-жедел тобына түстім». Бәлкім, түнде оған мәйіттен саусақ іздерін алу немесе жанжалқойдың масаң күйінде бір адамды жарақаттаған ас үй пышағын айғақ ретінде конвертке мөрлеп салу қажет болуы мүмкін. Түнде не боларын ешкім алдын ала білмейді. Бірақ анасының алаңдамағанын қалайтын Дариғаның дауысы әрдайым сергек әрі көңілді шығады. «Тағы да кезекшілікке түстің бе? Өзіңмен тамақ алып шықтың ба?», — деп уайымдайды анасы. «Кезекшілігің тыныш өтсін, қызым. Мен сені жақсы көремін». «Мен де сізді жақсы көремін, ана».
Түні бойы күту, шақыртуларға шығу, оқиға орындарын қарау, із алу жұмыстары жалғасады. Бұл – өз кәсібін мақтан етуге негіз болатын еңбек. «Академияда алған білімім күн сайын өмірімізді біршама әділетті етуге көмектеседі, — дейді жас полиция лейтенанты. — Еңбегімнің пайда әкелетінін, адамдарды қорғауға, Заң мен Тәртіпті нығайтуға үлес қосатынымды түсіну, мен үшін үлкен қуаныш».