
Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында курорттық маусымның қызған шағы басталды. Демалушылардың қауіпсіздігін туристік полицияның екі қызметкері қамтамасыз етуде.
Жаз мезгілінде Имантау мен Шалқар көлдеріне еліміздің барлық өңірлерінен адамдар келеді, шетелден келетін қонақтар да бар. Тәртіп сақшылары танымал демалыс орындарын патрульдеумен қатар, қажет болған жағдайда шетелдік туристерге көмек көрсету үшін ағылшын тілін де үйреніп жүр.
Жағалау аумағын патрульдеу кезінде курорттық аймақта жылдам қозғалуға мүмкіндік беретін квадроциклдер пайдаланылады. Полицейлер демалушыларға судағы қауіпсіздік қағидалары жайлы ескертіп, балаларды қараусыз қалдырмауға, ішімдік ішпеуге және табиғатқа ұқыпты қарауға шақырады.
Жол қауіпсіздігі мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Тәртіп сақшылары жүргізушілерді қырағылық танытуға шақырады. Маусым басталғалы демалыс аймағында мас күйінде мотоцикл басқарған бір жүргізуші, көлік тізгінінде телефон пайдаланған екі жүргізуші және қауіпсіздік белдігін тақпаған үш жүргізуші анықталды.
Демалушылар туристік полицияның болуы қосымша қауіпсіздік сезімін қалыптастыратынын атап өтуде.
Айта кетейік, мұндай тәжірибе Петропавл қаласында да қолданылады: патрульдік полицейлер квадроциклдерді Пёстрое көліндегі қалалық жағажайды және қалалық саябақты патрульдеу кезінде пайдаланады, сондай-ақ саяжай алқаптары бойынша бағыттар жоспарлануда.