
Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында полицейлер құны бір миллион теңгеден асатын үш бұзаудың ұрлану фактісін ашты.
10 маусымға қараған түні белгісіз адам ауылдардың біріндегі шаруа қожалығының аумағына заңсыз кіріп, қорадан жасы 7–8 айлық үш бұзауды айдап әкеткен. Келесі күні ол әлеуметтік желілер арқылы Ақмола облысынан сатып алушы тауып, малды 500 мың теңгеге сатып жіберген.
Полицейлер күдіктінің жеке басын жедел анықтады. Ол 36 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ұрланған мал тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Ал сатып алушы әзірге шығынға ұшырап отыр: ұрланған бұзауларға төлеген жарты миллион теңгені ол тек азаматтық сот тәртібімен ғана өндіріп ала алады.
Полицейлер кез келген мүлікті сатып алар алдында оның заңды жолмен алынғанына көз жеткізу қажет екенін еске салады. Егер зат, көлік, мал немесе өзге де тауар ұрланған болып шықса, олар міндетті түрде тәркіленеді.
Ұрланған мүлікті өткізу арналарының жолын кесу — полиция жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Мәселен, 18–19 маусым күндері облыс аумағында «Сатып алушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Полиция қызметкерлері базарларды, түрлі сауда нүктелерін, интернет-платформаларды және әлеуметтік желілердегі аккаунттарды тексеруде.
СҚО полиция департаментінде атап өткендей, ұрланған мүлікке деген сұраныс жаңа қылмыстардың жасалуына жағдай жасайды. Сондықтан сатып алушылардың жауапкершілігі мен қырағылығы ұрлықтардың алдын алудағы маңызды факторлардың бірі болып қала береді.