
Бейнебақылау жүйелері жаппай енгізілмеген кезеңде құқық қорғау органдары қалай жұмыс істеді? Қазақстан полициясының қалыптасу кезеңі және қызметтік борыш туралы түсініктері жөнінде Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті Тәлімгерлер кеңесінің мүшелері Петропавл қаласы полиция басқармасының жеке құрамымен кездесуде әңгімелеп берді.
«1990-жылдары көшедегі қылмыс кең таралған еді, — деп еске алды қылмыстық іздестіру қызметінің ардагері Фарит Бегишев. — Әйелдерге шабуыл жасап, бас киімдерін жұлып кету жиі болатын. Кейде балық аулайтын қармақпен іліп әкететін, оның жәбірленушінің бетіне қадалуы мүмкін екенін де ойламайтын. Осындай қылмыскерлерді ұстау үшін әйел қызметкерлеріміз қауіп-қатерге қарамастан әдемі киініп кешкі көшелерге шығатын, ал ер адамдардан құралған жедел уәкілдер олардың соңынан білдіртпей еріп жүріп, қылмыскерді қылмыс үстінде ұстайтын».
Кездесу Қазақстан полициясы күні қарсаңында өтті. Жас қызметкерлер мен олардың тәлімгерлері еңбек сіңірген ардагерлердің естеліктерін тыңдады. Сонымен қатар олардың алдында «Айбын» II дәрежелі орденінің иегері, Бауыржан Момышұлы атындағы марапаттың кавалері, патрульдік полиция батальонының қызметкері Олег Головин сөз сөйледі. Ол бұл жоғары мемлекеттік наградаға адам өмірін құтқарып қалғаны үшін ие болған.
Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Қапез Дәулетбаев ҚР ІІМ жас полицейлердің қызметке бейімделу мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Аға буынның тәжірибесі кәсіби дағдыларды ғана емес, сонымен қатар өзіне талап қоя білуді, қатаң тәртіпті, қызметтік борышты жеке мүддеден жоғары қоюға дайын болуды және Заң мен Тәртіпке қызмет ету үшін қажетті өзге де моральдық-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға көмектеседі.