Мәселені шешетін полицей: тұрғындары учаскелік инспекторға тікелей хабарласатын ауылдағы бір күн

Мәселені шешетін полицей: тұрғындары учаскелік инспекторға тікелей хабарласатын ауылдағы бір күн

— Учаскелік инспектор біздің ауылға көшіп келіп, осында тұра бастағаннан кейін жедел жағдай жақсарды. Бұл бірден байқалды. Жалпы, тұрғындардың да заңға бағыну деңгейі артты, — дейді Лебяжье ауылдық округінің әкімі Шырайлым Омарова полиция аға лейтенанты Айбек Сарсенбаевтың жұмысы туралы.

Ауылдық округ құрамына Лебяжье және Құралай ауылдары кіреді. Халық саны — 543 адам. Екі ауыл мектебінде 34 оқушы білім алады. Айбек бұл округке бір жарым жыл бұрын тағайындалған. Ол учаскелік полиция инспекторының көмекшісі қызметін атқарады, алайда қазіргі уақытта бүкіл округке жалғыз өзі қызмет көрсетіп жүр.

Әкімнің пікірінше, ол өз жұмысын өте жақсы атқарады: мұқият, әділ, ешнәрсені үстірт істемейді және «ұсақ-түйек» құқық бұзушылықтарға көз жұма қарамайды. Жерге тасталған темекі тұқылы да, бейәдеп сөз айту да міндетті түрде жауапкершілікке әкеледі. Көктемнен бері төрт құқық бұзушы абаттандыру жұмыстарына тартылды. «Ауылға да пайда, құқық бұзушыларға да сабақ», — дейді Шырайлым Омарова.

Ең өзекті мәселелердің бірі қараусыз жайылатын мал болатын. Көптеген тұрғындар малды ұйымдасқан түрде жаю мүмкіндігін елемейтін. Ауылдың WhatsApp-тобында сиырлардың өзгенің бақшасына кіріп кетуіне байланысты шағымдар жиі айтылып, жол-көлік оқиғаларының қаупі де туындайтын. «Айбек Балтабекұлы келгеннен бері бұл мәселе шешілді», — дейді ауыл әкімі.

Маңызды көмек өткен жылы ауданның барлық он жеті ауылдық округінде орнатылған бейнебақылау камералары болды. Лебяжьеде, жергілікті тұрғындардың айтуынша, «орталық усадьбада» олардың саны сегіз. Камералар ауылға кіреберістерді, негізгі көшені және мәдени-демалыс орталығы алдындағы алаңды бақылауға бағытталған. Олар түнгі көру функциясымен жабдықталған және дыбыс жазады. Айбек жазбаларды тұрақты түрде қарап отырады. Нәтижесінде ауыл таза әрі жинақы көрінеді.

Айбек ауылды жаяу аралаған кезде немесе кез келген жолмен жүре алатын ескі «УАЗ» көлігімен округті бақылап жүргенде, онымен әрбір тұрғын амандасады.

— Мені мұнда бәрі таниды. Бірдеңе бола қалса, тұрғындар «102»-ге емес, тікелей өзіме хабарласады, — дейді полиция аға лейтенанты Сарсенбаев. — Жеке қабылдауға да келеді. Көбіне электровелосипедтерді тіркеу мәселесі бойынша сұрайды.

Ол үшін электровелосипедті аудан орталығына апару қажет. Ал күте тұруға келісетіндерге жолға шығудың қажеті болмайды — Айбек Лебяжьеге криминалист маманды шақыруды жоспарлап қойған. Сонда электр көлігін учаскелік пунктте тіркеуге болады.

— Қазір бір ғана күрделі мәселе қалып отыр — отбасылық жанжалдар, — дейді Айбек. — Құралайда бұл мәселе шешілді: өткен жылы ауыл ішімдік ішпейтін елді мекендердің қатарына кірді. Лебяжье тұрғындары да көршілерінен қалмайды деп үміттенемін. Дегенмен әзірге ерекше бақылауды қажет ететін бес тұрғын бар. Себеп әрдайым біреу — алкоголь. Олармен тұрақты түрде жұмыс жүргізіп, заң талаптарының орындалуын қадағалаймын.

Айбек ауылды аралау барысында кездескен әрбір адамға жеке көңіл бөледі. Есепте тұрған тұрғыннан: «Үйде бәрі жақсы ма, енді ұрыспай жүрсіңдер ме?» — деп сұрайды. Балаларға жол қауіпсіздігін еске салады. Ауыл дүкеніне келген адамдарға интернет-алаяқтардың айла-тәсілдері туралы айтып береді.

Жалғыз тұратын қарттарды да міндетті түрде тексереді. Мысалы, 82 жастағы Елена Васильевнаға жиі соғады.

— Мені жақсы көріп қалған шығарсың, жиі келесің ғой, — деп әзілдейді зейнеткер. — Барлығы жақсы, шағымым жоқ. Қызым күнде келіп тұрады, күйеу балам шаруашылыққа көмектеседі.

Құралай мектебінде қазір тыныштық — 23 оқушы жазғы демалыста. Алайда Айбек мектепті назардан тыс қалдырмайды: камералардың жұмысын тексереді, педагогтермен интернет-алаяқтықтың алдын алу жөнінде әңгіме өткізеді. Биыл округте осындай бір ғана факт тіркелген, енді екіншісіне жол бермеу үшін бар күшін салып жүр.

— Тұрғындардың оның жұмысы туралы пікірлері тек оң, — дейді Мағжан Жұмабаев ауданы полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамов. — Бұған қызметкердің жеке қасиеттері де, қызмет көрсететін аумақта тұратыны да, сондай-ақ «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы заманауи техникалық жабдықталу да әсер етуде. Алдағы жоспарларда барлық он жеті ауылдық округ пен Булаево қаласында бейнебақылау жүйелерінің желісін одан әрі кеңейту көзделген.

Лебяжьеде кафе жоқ, ал мерекелік іс-шаралар өткізілетін жалғыз орын — ауылдық мәдени-демалыс орталығы. Бірақ мұнда кез келген елді мекен үшін ойын-сауықтан да маңызды нәрсе бар — адамдардың тыныштығы және олардың мәселелері назардан тыс қалмайтынына деген сенімі.