
Солтүстік Қазақстан облысында жасы 20 мен 25 аралығындағы бес «дроповод» сотталды. Полицейлер оларды 2025 жылғы шілдеде ұстаған. Тергеу барысында жиналған материалдар сотқа олардың интернет-алаяқтықтың 31 эпизодына қатыстылығын анықтауға мүмкіндік берді.
Шетелде отырған алаяқтар қазақстандықтарға ұялы байланыс операторларының, банк қызметкерлерінің және басқа ұйымдардың атынан хабарласқан. Әртүрлі сылтаумен олар адамдарды SMS-хабарламалардағы кодтарды айтуға көндірген.
Одан кейін қылмыстық схеманың басқа қатысушылары жәбірленушілерді әлдекімдер олардың қаржысына қауіп төндіріп жатыр деп сендіріп, адастырған. Сенімге кірген қаскөйлер азаматтарды ірі көлемде несие рәсімдеуге және қаражатты көрсетілген «қауіпсіз шоттарға» аударуға мәжбүрлеген.
Шын мәнінде бұл шоттар «дроптар» деп аталатын адамдарға тиесілі болған. Қаражат солардың шоттары арқылы Қазақстаннан тыс жерлерге шығарылып отырған. Ал осы дроптарды тауып, қылмыстық әрекетке тартумен әрбір транзакциядан белгілі бір пайыз алып отырған бес солтүстікқазақстандық айналысқан.
Бірқатар қылмысқа жәрдемдескені үшін олар сот алдында жауап берді. Мамыр айында сот шешімімен «дроповодтар» әртүрлі мерзімдерге — 6 жыл 8 айдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар сот жәбірленушілердің талап-арыздарының бір бөлігін қанағаттандырды. Енді сотталғандар бірқатар эпизодтар бойынша келтірілген залалды өтеуге міндетті. Бір жағдайда залал көлемі 22 миллион 800 мың теңгені құрады. Дәл осындай сомадан петропавлдық әйел өзін пошта жөнелтілімін алу үшін қажет деп сендірген кодты айтқаннан кейін айырылған. Басқа талап-арыздар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен берілуі мүмкін.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.