СҚО-да полицейлер Петропавлда қайғылы жағдайдың алдын алды

СҚО-да полицейлер Петропавлда қайғылы жағдайдың алдын алды

15 маусым күні сағат 21:00 шамасында Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің процессингтік орталығының қызметкері Ержан Тамышев жұмыстан үйіне келе жатқан. Жол бойында ол Жамбыл көшесіндегі үйдің бесінші қабатындағы ашық тұрған терезе алдында ойнап отырған екі кішкентай баланы байқайды.

Полиция подполковнигі Тамышев досына «102» арнасына қоңырау шалып, балалардың назарын басқа жаққа аударуды өтінеді, өзі көпқабатты үйдің кіреберісіне қарай асықты. Ол домофонға хабарласуға әрекеттенді. Сол сәтте көшедегі бейжай қарамаған азаматтар дауыстап балаларға терезеден ары қарай кетуін айтты.

Балалар үйде қамалып қалған болуы мүмкін деген қауіп болды. Ержан тіпті шатырға шығып, терезеге жоғарыдан түсу жолдарын ойластырған еді. Алайда пәтерде ересек адам болған. Ол есікті Ержанға және жедел жеткен патрульдік полиция қызметкерлеріне ашты.

Тәртіп сақшылары жалдамалы пәтерде Жезқазған қаласынан келген екі азаматтың уақытша тұрып жатқанын анықтады. Әкесі ұйықтап жатқан, ал анасы дүкенде болған. Екеуі де алкогольдік масаң күйде болған. Бұған дейін олар бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Үш жастағы ұл бала мен төрт жастағы қыз бала отбасынан алынды. Қорғаншылық органдары оларды кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырды. Отбасыға қатысты материалдарды кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның шұғыл қарауына шығару жоспарлануда.

Тәртіп сақшылары ата-аналарға терезе алды балалар ойнайтын орын емес екенін еске салады. Балалардың қауіпсіздігіне мұқият болыңыздар, қажет болған жағдайда полицияға хабарласыңыздар. Уақтылы жасалған хабарлама қайғылы жағдайдың алдын алуы мүмкін.