
Жаз мезгілі - оқушылар үшін демалыс уақыты болса, полицейлер үшін жұмыстың қызатын шағы. Тәртіп сақшылары жасөспірімдердің қатысуымен болатын қауіпті жағдайлардың алдын алу және қараусыз қалудың жолын кесу мақсатында тұрақты түрде түнгі рейдтер жүргізіп келеді.
Демалыс күндері бұл жұмыс қоғамдық қауіпсіздіктің барлық бағыттары бойынша күшейтіледі. Полицейлер түнгі көшелерді, ойын-сауық орындарын, саябақтарды, сондай-ақ кәмелетке толмағандар болуы мүмкін деген өзге де орындарды тексереді.
Пёстрое көлі жағалауындағы эко-парк түнгі серуенді ұнататын жастардың жиналатын орындарының біріне айналды. Қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу үшін полицейлер қаланың жаңа көрікті орнын тұрақты түрде бақылауда ұстайды.
Өткен демалыс күндері рейд барысында жасөспірімдердің сағат 23:00-ден кейін тұрғынжайдан тыс жерде болуының 19 фактісі анықталды. Ата-аналарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Н.Назарбаев көшесі бойында полицейлер патрульдік көліктерден бой тасалап келе жатқан 15 жастағы қызды анықтады. Ол өз үйінен шамамен екі шақырым қашықтықта жүрген. Медициналық куәландыру оның мас күйде болғанын көрсетті. Аталған факті бойынша материалдар жиналуда, енді оның заңды өкілдері кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия алдында жауап беретін болады.
Жыл басынан бері облыс орталығында полицейлер жасөспірімдердің түнгі уақытта үйден тыс жерде жүруінің 375 фактісін, сондай-ақ 18 жасқа толмағандардың алкогольдік ішімдік ішуінің 57 фактісін анықтады. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның қарауына 51 материал жолданды.
Полицейлер петропавлдықтарды кәмелетке толмаған балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, каникул кезіндегі уақыт өткізулерін бақылауға және олардың түнгі серуен кезінде өздерін қауіп-қатерге тігуіне жол бермеуге шақырады.