
Ғабит Мүсірепов ауданында полицияның барлық жеке құрамы дабыл бойынша көтерілді. Сағат 17:00 шамасында басқа ауданнан қонаққа келген отбасының 16 жастағы ерекше қажеттіліктері бар ұлының жоғалып кеткені туралы хабарлама түсті. Ата-анасының айтуынша, олар оны небәрі бір минутқа ғана көзден таса қылған. Бейтаныс жерде жасөспірімнің қай бағытқа кетуі мүмкін екенін ешкім болжай алмады.
Полицейлер елді мекен аумағын секторларға бөліп, әрбір бұрышты мұқият тексерді. Жергілікті атқарушы органдар іздеуге дрон бөлді. Іздеу жұмыстарына жастар ресурстық орталығының еріктілері, мектеп оқушылары, оларға ауылда тұратын «Жас сақшы» сыныбының төрт оқушысы да қосылды. Олар велосипедпен көшелерді аралап, тұрғындардан сұрастыру жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ полицейлер жүргізушілерге, оның ішінде жеке тасымалдаумен айналысатын азаматтарға да жүгініп, трасса бойындағы жаяу жүргіншілерге назар аударуды сұрады.
Барлық бейжай қарамайтын тұрғындар іздеуге атсалысты. Жоғалған жасөспірім туралы бағдарлама ауылдық чаттарға таратылды. Оны кәсіпорындардың бірінің күзетшісі көріп, баланы байқағанын және оның қай бағытта кеткенін хабарлады.
Жасөспірімді Есіл өзенінің жағасынан полиция қызметкері инспектор-кинолог Сәкен Құбжасаров тауып алды. Іздеу басталғаннан кейін үш сағат өткен соң ол ата-анасына аман-есен тапсырылды.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмағандардың жоғалуына байланысты полицияға 49 хабарлама түскен. Олардың барлығы табылып, тәулік ішінде үйлеріне қайтарылды.