
Петропавлда қараусыз қалған үш жасар бүлдіршін кондуктордың бейжай қарамағаны, полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуінің арқасында үйіне қайтарылды.
4 маусым күні №7 бағыттағы автобустың кондукторы көшеде ересектердің қарауынсыз жүрген кішкентай баланы байқап қалған. Баланың қауіпті жағдайда қалуы мүмкін екенін түсінген ол бүлдіршінді автобус салонына кіргізіп, «102» арнасына хабарласқан.
Ювеналдық полиция қызметкерлері жас «жолаушыны» дереу алып кетті. Кішкентай бала өзінің мекенжайын айта алмады. Баланың ата-анасын анықтау үшін полицияның барлық сыртқы қызметтері бағдарланды.
Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәртіп сақшылары оны көпсалалы облыстық балалар ауруханасына жеткізді. Алайда бүлдіршінді ауруханаға орналастыру қажеттігі туындаған жоқ, себебі оның заңды өкілдері анықталып, ұлдарын үйіне алып кетті.
Белгілі болғандай, анасы жұмысқа кеткен кезде оның жұбайы мен екі кішкентай баласы ұйықтап жатқан. Бала ерте оянып, үйден өз бетінше шығып кеткен. Оның барлық «саяхаты» шамамен екі сағатқа созылды.
Әкесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ полицейлер балалардың тұрмыс жағдайын тексеріп, ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізді.
Полиция департаментінде атап өткендей, балалардың қауіпсіздігі тек ата-аналарға ғана емес, айналадағы адамдардың қырағылығына да байланысты. Полицияға дер кезінде хабарласудың арқасында бүлдіршін жақындарына тез арада қайтарылып, бәрі ойдағыдай аяқталды.