СҚО полицейлері жас велосипедшілерге жолдағы жасырын қауіптер туралы айтты

СҚО полицейлері жас велосипедшілерге жолдағы жасырын қауіптер туралы айтты

Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысында болған 40 жол-көлік оқиғасында 4 кәмелетке толмаған бала қаза тауып, 45-і жарақат алды. Зардап шеккендердің біреуі велосипедте болса, үшеуі мопед тізгіндеген.

Жазғы демалыс басталысымен полицейлер Велоспорттан олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебімен бірлесіп Петропавл қаласында велошеру өткізді. Елуге жуық тәрбиеленуші «Жол қозғалысы ережелерін сақтаңыздар — бұл сіздердің өмірлеріңізді сақтайды!» деген ұранмен Қазақстан Конституциясы көшесі бойымен жүріп өтіп, қала тұрғындарының назарын жол қауіпсіздігіне аударды.

Жаяу жүргіншілер өткелдерінде велошеру қатысушылары велосипедтен түсіп, көліктерін жетектеп өтті. Бұның маңыздылығын полицейлер мәреге жеткен соң түсіндірді: велосипедші жолдың жүру бөлігінде кенеттен пайда болған жағдайда жүргізушілер дер кезінде әрекет ете алмауы мүмкін.

Велосипед, скутер және электрсамокат пайдаланушыларға арналған тағы бір маңызды кеңес — жүк көліктерінің «көрінбейтін аймақтары» туралы ұмытпау. Патрульдік полиция офицері балаларға «КамАЗ» жүк көлігі мысалында жүргізуші велосипедшіні қай тұстарда көре алмайтынын көрсетті. Есте сақтау қажет басты қағида: егер сіз жүргізушіні артқы көрініс айнасынан көрмесеңіз, онда ол да сізді көрмейді.

Полицейлер бұл велошеруді «Жолдағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ұйымдастырды. Тәртіп сақшылары балалар тек қаланың ең көрікті көшесімен серуендеуден алған әсерлерімен ғана емес, сонымен қатар жол қауіпсіздігі туралы алған білімдерімен құрдастарымен бөліседі деп сенеді.