Петропавлда алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға бақылау күшейтілді

Петропавлда алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға бақылау күшейтілді

Қылмыстық ахуалды талдау қылмыстардың едәуір бөлігі алкогольдік масаң күйде жасалатынын көрсетеді. Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов кәсіпкерлермен кездесіп, қала аумағында алкоголь өнімдерінің айналымын бақылауды күшейту шараларын талқылады.

Жыл басынан бері сауда орындарында 45 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде алкоголь өнімдерін кәмелетке толмағандарға сату және түнгі уақытта өткізу фактілері. Құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылып, бірқатар нысандардың алкоголь өнімдерін сатуға берілген лицензияларының күші уақытша тоқтатылды.

Мысалы, 19 мамыр күні сағат 01:09-да дүкен-барлардың бірінде тұтынушы өзімен бірге алып кету үшін екі банка сыра сатып алған. Бұған заңмен тыйым салынған, түнгі уақытта қоғамдық тамақтану орындарында алкоголь өнімдерін тек сол жерде тұтынуға ғана рұқсат етіледі. Полицейлер құқық бұзушылықты рейд барысында анықтады. Нысан иесіне айыппұл салынып, лицензиясының күші үш айға тоқтатылды.

Сондай-ақ рейд барысында полицейлер алкоголь өнімдерінің заңсыз саудасына байланысты 27 заңсыз кәсіпкерлік фактісінің жолын кесті. Заңсыз айналымнан 4 мың литрден астам құрамында спирті бар өнім тәркіленді.

Серік Әлжанов алкогольге қарсы заңнаманы бұзумен күрес «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясындағы полицияның негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті.