Петропавлда ұры тастап кеткен жеті велосипед иелеріне қайтарылады

Петропавлда ұры тастап кеткен жеті велосипед иелеріне қайтарылады

Мамыр айының басынан бері полицияға Петропавл тұрғындарынан велосипед ұрлығы туралы арыздар түсе бастады. «Темір тұлпарлар» негізінен түнгі уақытта көпқабатты үйлердің аулаларынан жоғалып отырған. Ұры подъездердің жанында велосипедтерді бекітіп қойған құлыптау тростарын үзіп кеткен.

Жәбірленушілердің арасында жазғы демалыс қарсаңында балаларының велосипедтері қолды болған үш ата-ана да бар. Спорттық велосипед тебуді ұнататын тұрғындардың бірі құны 1 миллион теңге тұратын «Compel» маркалы велосипедінен айырылған.

Жедел уәкілдер күдіктінің кім екенін тез анықтады. Ол — бұрын мүліктік қылмыстары үшін бірнеше рет сотталған облыс орталығының 36 жастағы тұрғыны болып шықты. Алайда оны ұстау оңай болмады, себебі ол тіркелген мекенжайында тұрмаған және қаңғыбас өмір салтын ұстанған.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ер адам Аквапарк ауданында ұсталды. Қазіргі уақытта ол қамауға алынды. Тергеу жүргізілуде. Қылмыстық істе қазіргі таңда 8 эпизод бар.

Күдікті ұрланған мүлікті сатып үлгермеген. Қазіргі уақытта полицейлер оның тастап кеткен 7 велосипедін тауып, тәркіледі. Қылмыстық іс аяқталғаннан кейін олардың барлығы заңды иелеріне қайтарылады.

Тәртіп сақшылары тұрғындарды велосипедтерін қылмыскерлердің оңай олжасына айналуы мүмкін жерлерде қалдырмауға және сенімді ұрлыққа қарсы құрылғыларды пайдалануға шақырады.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында велосипед ұрлығының 18 фактісі тіркеліп, оның 12-сі ашылды.