
Автобус аялдамасына бара жатып жол жиегіне қоқыс пакетін тастап кету — өкінішке қарай, мұндай әрекет әлі де кейбір петропавлдық саяжай тұрғындары арасында кездеседі.
«Өкінемін, енді бұлай істемеймін», — дейді учаскелік полиция инспекторына 57 жастағы қала тұрғыны. Ол тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерге тастаған. Құқық бұзушылық бейнебақылау камерасы арқылы тіркелді. Әйел ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Айдын Ахмағамбетовтың айтуынша, саяжай серіктестіктері қоқыс шығаратын ұйымдармен келісімшарт жасап, арнайы контейнерлер орнатуы қажет. Ал мұндай жағдай болмаған кезде әрбір саяжай иесі қоқысты өз бетінше тиісті орындарға шығаруға міндетті. Рұқсатсыз қоқыс үйінділері саяжай қоғамдарының «бет-бейнесіне» айналмауы тиіс.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 568 фактісі тіркелді. Полицейлер мұндай құқық бұзушылықтарды рейдтер барысында және жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы анықтап, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Тәртіп сақшыларының негізгі мақсаты — жазалау емес, өңірдің экологиялық және санитарлық ахуалын жақсартуға үлес қосу.