СҚО-да жол қозғалысының үздік жас инспекторлары анықталды

СҚО-да жол қозғалысының үздік жас инспекторлары анықталды

Солтүстік Қазақстан облысының түкпір-түкпірінен келген жүзге жуық оқушы 14 команданың құрамында Петропавл қаласында өткен жол қозғалысының жас инспекторлары жасақтарының республикалық слетінің облыстық кезеңіне қатысты.

№7 орта мектеп базасында оқушылар Жол қозғалысы ережелерін білу, велосипедті мәнерлеп жүргізу, реттеуші жұмысы, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдылары және үгітбригадалардың шығармашылық байқауы бойынша сынға түсті.

Слеттің ашылуында СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алтынбек Жамалиев жас инспекторлар қозғалысы жасөспірімдердің жауапкершілігін, тәртібін және жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Қатысушылар үшін бұл слет тек жарыс қана емес, сонымен қатар көшбасшылық қасиеттерін, командада жұмыс істеу қабілетін және бір-біріне қолдау көрсете білуді танытуға мүмкіндік болды.

Құрметті үшінші орынды Уәлиханов ауданынан келген оқушылар иеленсе, екінші орын Жамбыл ауданының командасына бұйырды. Ал бірінші орынды Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының жол қозғалысының жас инспекторлары жасағы жеңіп алды.

Енді дәл осы команда облыс намысын республикалық слетте қорғайтын болады.