СҚО полиция департаментінде студенттер марапатталып, Ашық есік күні өтті

СҚО полиция департаментінде студенттер марапатталып,  Ашық есік күні өтті

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті Kozybayev University-дің тарих, экономика және құқық факультетінің журналистика және әлеуметтік ғылымдар кафедрасы студенттері арасында ұйымдастырылған бейнероликтер байқауының қорытындысын шығарды. Байқау жұмыстары жастарға патриоттық тәрбие беру, ішкі істер органдарындағы қызметті насихаттау, сондай-ақ ерлік, батырлық және қызметтік борышқа адалдық танытқан полиция қызметкерлерінің есімін ұлықтау тақырыптарын қамтыды.

Индира Әбилғазина, Эльмира Ерғалиева, Кристина Серёгина, Екатерина Дутлова және Самира Мұханова бейнероликтерді дайындауға белсенді қатысқаны үшін алғыс хаттармен марапатталды. Жүлдегерлер қатарында үшінші орынды Полина Чуряк иеленді, екінші орынды Дарья Зиберт пен Виктория Мочалина бөлісті, ал бірінші орын Ансар Ғабдулмаликке берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.

Марапаттау рәсімі алда келе жатқан Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған дәстүрлі Ашық есік күні аясында өтті. Студенттер, колледж студенттері, мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері үшін көрме мен ведомство бойынша экскурсиялардан тұратын мазмұнды бағдарлама дайындалды.

Көрмеде жас қонақтарға полицияның арнайы бөлімшелерінің қару-жарағы, байланыс құралдары, бейнетіркегіштер, дрондар, сондай-ақ қылмыскерлерден тәркіленген атыс және суық қарулар көрсетілді. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел қызметкерлері тыйым салынған заттардың үлгілерін және профилактикалық өнімдерді — төсбелгілер, логотипі бар бейсболкалар және басқа да материалдарды таныстырды. Патрульдік полиция қызметкерлері квадроциклдерді, дыбыстық хабарлау құрылғыларын және мобильді аппараттық-бағдарламалық кешендерді көрсетті. Балалардың ерекше қызығушылығын өңірде қылмыстарды ашуға күн сайын қатысатын қызметтік-іздестіру иттері бар кинологтар тудырды. Жылжымалы криминалистикалық зертхана, сараптамалық чемодандар жиынтығы мен металл іздегіштер бұл күнді кәсіби бағдар беру бағыты бар тәжірибелік сабаққа айналдырды.

Барлық келушілер 1700 жылдардан бүгінгі күнге дейінгі кезеңді қамтитын 4000-нан астам жәдігер жинақталған полиция музейін, сондай-ақ «102» арнасына келіп түсетін барлық шақыртулар қабылданатын жедел басқару орталығын аралады.

Департаментте мұндай кездесулер балаларға «Заң мен Тәртіп» сақшысы мамандығының жай ғана қызмет емес, нағыз өмірлік миссия екенін көрсетудің ең тиімді жолы деп есептейді.