Рөлде телефон: СҚО полицейлері жиі жасалатын құқық бұзушылықты көрсетті

Рөлде телефон: СҚО полицейлері жиі жасалатын құқық бұзушылықты көрсетті

Кешкі уақыт. Петропавлдағы Интернациональная мен Астана көшелерінің қиылысы, ірі базар маңындағы жаяу жүргіншілердің қарбаласы — осы сәтте «Changan» автокөлігін тізгіндеген 40 жастағы жүргізуші телефон ұстап келе жатқан жерінен полицейлердің назарына ілікті. Қиылыстан өткеннен кейін оны тәртіп сақшылары тоқтатты. Жүргізуші көлік басқару кезінде телефон пайдаланған. Бұл — жол қозғалысы ережелерін жиі бұзудың бірі. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстанда осындай құқық бұзушылық үшін 2392 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полицейлер ескертеді: жолдағы жағдай кез келген сәтте өзгеруі мүмкін. Көлік жүргізіп отырып, назарды жол мен әлеуметтік желілер арасында бөлу, телефонмен сөйлесуге алаңдау — аса қауіпті.

Тағы бір жиі кездесетін құқық бұзушылық — қауіпсіздік белдігін тақпау. Қаңтар айынан бері мұндай 4388 дерек анықталды. Мұндай немқұрайлылық күрт тежелу немесе жол-көлік оқиғасы кезінде ауыр жарақаттарға әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден жолды кесіп өтуі де апатты жағдайларға себеп болады (https://youtube.com/shorts/mEW7vpUeBss). Тәртіп сақшыларының мәліметінше, соңғы 4 айда Солтүстік Қазақстанда жаяу жүргіншілерді қағудың 47 фактісі тіркелген, оның 40-ы Петропавл көшелерінде болған.

Бейнебақылау инспекторлары мен патрульдік полиция қызметкерлері күн сайын ондаған құқық бұзушылықты тіркейді. Олардың әрқайсысы ауыр салдарға әкелуі мүмкін жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырады. Полицейлер жұмысының басты мақсаты — айыппұл салу емес, жолдағы қайғылы жағдайлардың алдын алу.