
Петропавл полициясы жолдар мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті тәулік бойы қамтамасыз етеді.
17 мамырдан 18 мамырға қараған түні шамамен сағат 00:39-да патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Қизатов көшесінде JAC автокөлігін тоқтатты. Көлік тізгінінде 53 жастағы қала тұрғыны болған. Оның мас күйде екені анықталды.
Белгілі болғандай, ер адам жұбайының көлігін оның рұқсатынсыз алып, достарымен саяжайға бара жатқан. Сонымен қатар оның ешқашан жүргізуші куәлігі болмаған.
Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, оған 20 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қолданылуы мүмкін, — деді патрульдік полиция батальонының командирі полиция майоры Евгений Шнайдер.
17 мамырда басталып, 25 мамырға дейін жалғасатын «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында мас күйде көлік басқарудың 30 фактісі тоқтатылып, жалпы 1026 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды.
Полицейлер жүргізушілерге мас күйде рөлге отырмауды ескертеді. Жол қателікті кешірмейді.