
Соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кештері кезеңінде полицейлер қауіпсіздік шараларын күшейтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында СҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин мәлімдеді.
«Біз тәулік бойы қызмет атқаратын боламыз, — деді ол сұхбат барысында. — Әр мектептің маңында полиция қызметкерлері кезекшілік етеді. Жастар жиі жиналатын орындарда — саябақтарда, скверлерде және басқа да қоғамдық орындарда патрульдеу күшейтіледі. Біздің міндетіміз — бұл мерекенің тыныш әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету».
Полиция полковнигі Ғабдуллин кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін көшеде жүруіне тыйым салынатынын еске салды. Сондай-ақ ол мейрамхана иелерін кәмелетке толмағандардың сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін ойын-сауық орындарында болуына қатысты тыйымды қатаң сақтауға шақырды.
Полицейлер балалардың жазғы кезеңдегі бос уақытын тиімді ұйымдастыруды қауіпсіздіктің маңызды факторы деп санайды. Себебі жасөспірімдердің бақылаусыз қалуы түнгі серуендерге, ұсақ бұзақылыққа, алкоголь тұтынуға және жанжалдық мінез-құлыққа әкелуі мүмкін.
Жол қозғалысы ережелерін бұзу, жүргізуші куәлігінсіз авто және мотокөлік басқару фактілері де жиі кездеседі. Осыған байланысты тәртіп сақшылары ата-аналарға балаларға жеке мобильділік құралдарын сатып алмас бұрын Жол қозғалысы ережелерін мұқият зерделеуді ұсынады.
«Мен облыс тұрғындарына полиция қызметкері ретінде де, екі баланың әкесі ретінде де үндеу жасаймын: жазғы демалыс кезінде өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін бірге қамтамасыз етейік, — дейді Әлібек Ғабдуллин. — Жасөспірімдердің тәртібі мен бос уақытын назарда ұстап, жаз мезгілінің қауіпсіз әрі тыныш өтуіне бар күшімізді салайық».