СҚО-да полицейлер арасындағы үздік мергендер анықталды

СҚО-да полицейлер арасындағы үздік мергендер анықталды

Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері күні бойы ашық аспан астында, ҚР Ұлттық ұланы академиясының полигонында тапанша мен автоматтан оқ атты. Тәртіп сақшылары жауынгерлік қаруды меңгеру дағдыларын жетілдіріп, кез келген жағдайда азаматтарды қылмыстан қорғауға дайындықтарын нығайтты.

Практикалық ату жарысына облыстық полиция департаментінің барлық бөліністерінен құралған 25 команда құрамында 80 полиция қызметкері қатысты. Макаров тапаншасынан ату 25 метр қашықтықтан, Калашников автоматынан 100 метрден жүргізілді.

Командалық есепте аудандық бөлімдердің қызметкерлері үздік нәтиже көрсетті. Бірінші орынды Тайынша ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері иеленді. Екінші және үшінші орындарға Жамбыл ауданы мен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның полицейлері жайғасты.

Жеке есепте тапаншадан атудан Айыртау ауданының аға криминалисі Ілияс Құнанбай үздік атанды. Ал автоматтан атудан Жамбыл ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторының бастығы Василий Докучаев бірінші орын алды.

«Мерген ардагер» номинациясында кинологиялық қызмет орталығының бастығы Самат Төлебаев марапатталды. «Тапаншалы ару» номинациясында СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Светлана Алексеева жеңімпаз атанды.

«Әділ төрешілік үшін» естелік сыйлығы жарыстың бас төрешісі — СҚО ПД аппаратының қызметкері, жауынгерлік қарудан атудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Шыңғыс Қазистайға табысталды.

Іс-шараны СҚО ПД арнайы және кәсіби даярлық басқармасы полиция қызметкерлерін біріктіретін «Арлан» спорт клубымен бірлесіп ұйымдастырды. Жеңімпаздар Талдықорған қаласында өтетін республикалық кезеңде облыс намысын қорғайды.