СҚО-да полиция ардагерлері марапатталды

СҚО-да полиция ардагерлері марапатталды

Солтүстік Қазақстан облысында ішкі істер органдарының ардагерлері марапатталды. Үш адам «Құрметті ардагер» төсбелгісіне ие болса, тағы сегіз ардагерге «Ардагерлер қоғамына қосқан үлесі үшін» медалі табысталды.

Маңызды іс-шара облыстық полиция департаментінде өткен ІІО мен Ұлттық ұлан ардагерлері ұйымының VIII есептік-сайлау конференциясы аясында өтті.

Жиынға «Қазақстан ІІО және ҰҰ ардагерлері кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, отставкадағы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, ІІО мен ҰҰ ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары, генерал-майор Қалиақпар Тоқышев және СҚО полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов қатысты.

Кездесу барысында СҚО ІІО мен ҰҰ ардагерлері кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Ақан Сыздықов қайта сайланды. Ол ҚР ІІМ-нің алғыс хатымен марапатталды.

Сонымен қатар Абай Жүсіпов полиция ардагерлері мен СҚО ПД госпиталінің медбикесі Роза Божатованы ведомство жұмысына қосқан көпжылдық еңбегі мен үлесі үшін алғыс хаттармен марапаттады.

Бүгінде ардагерлер полиция қауымдастығының өміріне белсенді қатысып, оның тірегі мен негізіне айналып отыр. Олар жас қызметкерлерді тәрбиелеуге атсалысып, кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, ішкі істер органдарының үздік дәстүрлерін сақтауға үлес қосуда.