
Алматы қаласында Mas-Wrestling бойынша Қазақстан Республикасы чемпионатының екінші туры өтті. Оған еліміздің 14 облысынан шамамен 100 спортшы қатысты.
Жарысқа СҚО ПД жедел әрекет ету арнайы жасағының инспекторы, полиция аға лейтенанты Еламан Жағыпаров қатысты. Ол 90 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Аталған санатта жеңіс үшін барлығы 7 спортшы бақ сынады.
Mas-Wrestling қазақтың ұлттық таяқ тарту спортына ұқсас. Тартысты бәсекеде Еламан Жағыпаров 1-орынды иеленді. Бұл жеңіс оған 2026 жылғы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғыз Республикасында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетуге, сондай-ақ 2026 жылғы қарашада Қазан қаласында (Ресей Федерациясы) өтетін Mas-Wrestling бойынша әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік берді.