
Отбасы деген не? Петропавлда мектеп оқушылары бұл сұраққа түрлі-түсті бормен сурет салу арқылы жауап берді. №8 эстетикалық тәрбие беру мектеп-кешенінің 5-6 сынып оқушылары асфальтқа сурет салу байқауына қатысты.
Әрқайсысы өзі үшін маңызды дүниені бейнеледі: махаббат, сенім, қолдау мен отбасы жылуы. Жеңімпаздар мен ең белсенді қатысушыларға сыйлықтар табысталды.
Іс-шараны отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің полицейлері, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілдері, «Amanat» партиясы мен Отбасын қолдау орталығы ұйымдастырды.
Полицейлердің пікірінше, мұндай шаралар ойын және жағымды эмоциялар арқылы балаларға сенім, өзара түсіністік пен жақындарға құрмет сияқты қарапайым, бірақ маңызды құндылықтарды ұғындыруға көмектеседі. Ал мықты отбасы дәл осы қасиеттерден басталады.