
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер Петропавлға есірткі жеткізу арнасының жолын кесті. 7 мамыр күні Парковая көшесінде Астана қаласының 19 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол синтетикалық есірткі заттарын таратты деген күдікке ілінді.
Ұстау барысында жас жігіттен ішінде сарғыш түсті ұнтақ тәрізді заты бар 88 орама тәркіленді. Сараптама нәтижесі олардың жалпы салмағы 90 грамм болатын мефедрон психотроптық заты екенін көрсетті. Полицейлердің айтуынша, мұндай көлем шамамен 300 адамды есірткіге тәуелді етуге жетеді.
Күдіктінің айтуынша, ол бұл заңсыз әрекетпен наурыз айынан бері айналысқан. Аталған факті бойынша тергеу жүргізілуде. Есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізгені үшін оған 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жыл басынан бері СҚО-да есірткіге қатысты 112 құқық бұзушылық тіркелді, оның 58-і — есірткі өткізу фактілері. Есірткінің таралуына қарсы күрес — «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясындағы полиция жұмысының маңызды бағыттарының бірі.