
Алкогольге әуестік 42 жастағы петропавлдықтың бір жыл бір ай мерзімді бостандықта өткізуіне мүмкіндік бермеді. Ол ұрлық жасағаны үшін сотталып, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған болатын. Алайда бостандықта жүргенде шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың талаптарын бірнеше рет бұзған: тұрғылықты мекенжайында болмаған, спирттік ішімдік ішкен.
18 мамыр күні, «Есептегі тұлға» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы күнінде учаскелік полиция инспекторы оны тағы да мас күйінде анықтады. Талаптарды қасақана әрі жүйелі түрде бұзғаны үшін полицейлер шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жою туралы материалдарды сотқа жолдады. Ер адам жазасының өтелмеген мерзімін өтеу үшін қайтадан түзеу мекемесіне жіберіледі.
Жалпы, жедел-профилактикалық іс-шараның алғашқы күнінде тәртіп сақшылары тұрғылықты мекенжайы бойынша 684 адамды тексерді. Олардың қатарында бұрын сотталғандар, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар және профилактикалық есепте тұрған өзге де тұлғалар бар. 31 құқық бұзушылық анықталды. Көбінесе бұл — алкоголь тұтыну фактілері, ол қылмыс пен құқық бұзушылық жасау қаупін арттырады.
Жедел-профилактикалық іс-шараның мақсаты — есепте тұрған тұлғалардың ықтимал құқыққа қарсы әрекеттерінен азаматтарды қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Заң мен Тәртіпті нығайту.