СҚО-да полицейлер бір тәулікте мас күйде көлік басқарған 7 жүргізушіні анықтады

СҚО-да полицейлер бір тәулікте мас күйде көлік басқарған 7 жүргізушіні анықтады

Автобустардан бастап электрлі велосипедтерге дейін — көліктің барлық түрі полицейлердің жіті бақылауында. 17 мамырдан бастап Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылауды күшейтті.

Бір тәулік ішінде облыста мас күйде көлік басқарған 7 жүргізуші анықталды. Мәселен, Петропавл қаласының 34 жастағы тұрғынына 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы күтіп тұр. Ол Qyzyljar Creative center маңында орташа дәрежеде мас күйде ABS скутерін басқарған, әрі көлік жүргізу құқығы болмаған. Қозғалысы қарқынды көшеге шыққан жағдайда бұл ауыр салдарға әкелетін жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін еді.

Жалпы тәулік ішінде СҚО-да көлік жүргізу құқығы жоқ 15 жүргізуші анықталды. Олардың қатарында Петропавлдағы М. Әуезов көшесінде тоқтатылған One Design электрлі велосипедінің 43 жастағы жүргізушісі де бар. Бұдан бөлек, бұл көлік құралы белгіленген тәртіппен тіркелмеген болып шықты.

Полицейлердің жұмысы «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында күшейтілді. Тәртіп сақшылары патрульдік жасақтардың саны мен тығыздығын арттырды, аудандарда қосымша учаскелік полиция инспекторлары жұмылдырылды.

Тексерулер көліктің барлық түрін қамтыды. Әсіресе апат қаупі жоғары учаскелердегі қозғалысқа ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері СҚО-да 131 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 16 адам қаза тауып, 177 адам жарақат алды. Жедел-профилактикалық іс-шараның мақсаты — жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, облыс жолдарындағы қайғылы жағдайлардың алдын алу.