Петропавлдағы футбол матчында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа «қызыл карточка» көрсетілді

Петропавлдағы футбол матчында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа «қызыл карточка» көрсетілді

«Қарасай» стадионында ерекше акция өтті. Тәртіп сақшылары жанкүйерлерге тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілерін қаншалықты жақсы ажырата алатынын тексеруді ұсынған интерактивті аймақ ұйымдастырды.

Әлеуметтік желідегі аккаунттың құпиясөзін талап ету зорлық-зомбылықтың бір түрі болып санала ма? Қызғаныш шынымен махаббаттың белгісі ме, әлде «әзіл» түріндегі қорлау қалыпты жағдай ма? Адамды келісімінсіз геолокация арқылы бақылау, үнемі «қайдасың?» деп сұрап, сөзін фото арқылы дәлелдеуді талап ету — қамқорлық па, әлде қысым ба?

Осы және өзге де сұрақтар келушілерге өзіндік «емтихан» форматындағы «билеттер» арқылы ұсынылды. Петропавлдықтардың көбі футболға отбасымен келеді, сондықтан олар акцияға үлкен қызығушылық танытып, полицейлердің кеңестерін мұқият тыңдады. Сонымен қатар LED-экраннан барлық жанкүйерлер профилактикалық бейнероликтерді тамашалады.

Жалпы интерактивті аймаққа 125 адам қатысты. Полицейлер акцияға қатысушыларға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы «қызыл карточкалар» таратты. Онда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің 8 (7152) 612-530 телефоны, Отбасын қолдау орталығының «111» жедел желісі және «102» арнасы көрсетілген.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Жыл басынан бері СҚО-да отбасылық-тұрмыстық салада 1200-ден астам құқыққа қарсы әрекет тіркелді. Полицейлер 1044 қорғау нұсқамасын шығарды, соттар 574 құқық бұзушыға ерекше мінез-құлық талаптарын белгіледі. Негізінен ұрып-соғу және денсаулыққа зиян келтіру фактілері бойынша 28 қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер профилактикалық жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеді.