Петропавлда полицейлер оқушылар арасынан жол қозғалысы ережелерінің үздіктерін анықтады

Петропавлда полицейлер оқушылар арасынан жол қозғалысы ережелерінің үздіктерін анықтады

Петропавлда жас жол инспекторларының 17 жасағы өз шеберліктерін көрсету үшін бас қосты. «Дарын» мектеп-лицейінің алаңында олар саптық дайындықты, велосипедті мәнерлеп жүргізу дағдыларын және жолдағы қауіпсіздікке қажетті білімдерін көрсетті.

Жас жол инспекторларының жасақтары — тәртіп сақшыларының сенімді көмекшілері. Үгіт-насихат топтарының байқауында олар бастауыш сынып оқушыларына жолдағы қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын үйрету бойынша қалай жұмыс жүргізетіндерін көрсетті.

Медицина қызметкерлері жас инспекторлардың алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша білімдерін тексерсе, полицейлер олардың Жол қозғалысы ережелерін қаншалықты жақсы меңгергенін анықтады.

Іс-шараға өткен жылы республикалық кезеңде құрметті үшінші орынды иеленген Мамлютка қаласының оқушылары да қатысты. Олардың жетістігі өзге қатысушыларға шабыт берді. Биыл қалалық командалар арасында №23 мектептің оқушылары жеңімпаз атанды. Екінші орынды №14 мектеп иеленсе, үшінші орын Бірінші гимназияға бұйырды. Облыстық кезең мамыр айының соңына жоспарланған.