
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері 6–10 мамыр аралығында Ақтауда өткен президенттік көпсайыс бойынша Қазақстан Республикасының чемпионатында табысты өнер көрсетті.
Жүзумен өтетін жазғы полиатлонда взвод командирі, полиция подполковнигі Марат Мусин 40–49 жас санатында бірінші орынды иеленді. Жедел қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы, полицияның аға лейтенанты Ильяс Жұманов 35–39 жас санатында күміс жүлдегер атанса, оның әріптесі полиция капитаны Нариман Тәшімов 24–34 жас санатында қола медаль жеңіп алды.
Төзімділікке жүгірумен өтетін қысқы полиатлонда Марат Мусин қайтадан жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ильяс Жұманов өз жас санатында бірінші орын алып, абсолюттік біріншіліктің күміс жүлдегері болды. Нариман Тәшімов екінші орынды иеленді.
Жарыс қорытындысы бойынша полиция капитаны Нариман Тәшімов Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындады.