
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер мен қоғам белсенділері әзірлеген есірткіге қарсы бейнероликтер миллионнан астам қаралым жинауда. Енді профилактикалық жұмыс жаңа деңгейге көтерілмек: жастарға тек бейнероликтер ғана емес, есірткіге тәуелділіктің нақты салдары да көрсетілмек.
Бұл жоспарлар СҚО полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің отырысында талқыланды. Жыл басынан бері Кеңес мүшелері 50-ге жуық профилактикалық іс-шараға қатысып, облыстың барлық оқу орындарында жаңа деректі фильмнің көрсетілімін ұйымдастырды, сондай-ақ 15-ке жуық бейнеролик пен әлеуметтік тренд дайындады.
Кеңес құрамына жаңа мүшелер қабылданды. Олардың қатарында алкоголь және есірткіге тәуелді адамдарды қайта әлеуметтендіруге көмектесетін «Надежда Норд» қоғамдық қорының жетекшісі Владимир Секишев бар.
Оның қорымен бірлесіп, жастар үшін оңалту орталығына экскурсиялар ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл жасөспірімдерге тәуелділіктің салдарын өз көзімен көріп, салауатты өмір салтын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді.
26 мамыр мен 26 маусым аралығында өңірде республикалық есірткіге қарсы айлық өтеді. Осы кезеңде форумдар, спорттық акциялар, жастармен кездесулер, флешмобтар және әлеуметтік желілерде ауқымды ақпараттық жұмыстар ұйымдастырылады. Барлық іс-шараларға Кеңес мүшелері белсенді қатысады деп күтілуде. Отырыс барысында ең белсенді қатысушыларға ҚР ІІМ-нің алғыс хаттары табысталды.