
СҚО-да әкімшілік полиция қызметкерлері, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы АҚ өкілдері және көліктік бақылау инспекциясының мамандары Петропавл қаласына кіреберістегі «Оңтүстік» бақылау-өткізу пунктінде киіз үй тігіп, «Жолдағы қабылдау» акциясын ұйымдастырды.
Акцияның негізгі тақырыбы — жол қозғалысы қауіпсіздігі мен автомобиль жолдарының жай-күйі. Көп қойылған сұрақтардың бірі — Жұмысшы кентіне кіреберістегі теміржол өткеліндегі жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі. Жауапты мамандар өткелді алдағы екі апта ішінде ашу жоспарланып отырғанын хабарлады.
Сондай-ақ тұрғындар Булаево бағытына апаратын жолды жөндеу мәселесін көтерді. Мамандардың айтуынша, жөндеу жұмыстары жоспарға енгізілген. Ал полиция қызметкерлері жөндеу кезінде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Акцияға шамамен 40 адам қатысты, әрбір азамат өз сұрағына толық жауап алды. Сонымен қатар полицейлер жүргізушілерге профилактикалық брошюралар таратып, жол қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
СҚО-да республикалық маңызы бар автожолдарда 4 ай ішінде 22 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 14 адам қаза тауып, 24 адам жарақат алды. «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында профилактикалық жұмысты түрлі форматта жүргізіп келеді.