
Статистикаға сәйкес, Солтүстік Қазақстанда жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен әрбір үшінші бала — жаяу жүргінші. Жазғы демалыс қарсаңында полицейлер жол қозғалысына қатысатын жасөспірімдермен профилактикалық жұмысты күшейтті.
Тәртіп сақшылары облыстық прокуратура және білім беру органдарымен бірлесіп, Солтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театрында бастауыш сынып оқушыларына арналған танымдық шара өткізді. Оған Петропавл қаласындағы үш мектептің оқушылары қатысты.
Қуыршақ театрының әртістері ұйымдастырушылардың профилактикалық түсіндіру жұмыстарын сахналық көріністермен толықтырды. Олар жолды белгіленбеген жерден кесіп өтудің, жолдың жүріс бөлігіне жақын жерде ойнаудың және бағдаршам белгілерін елемеудің қаншалықты қауіпті екенін көрнекі түрде көрсетті.
Сонымен қатар балаларға тақырыптық мультфильмдер мен жол-көлік оқиғаларының нақты кадрлары көрсетіліп, ақпараттық брошюралар таратылды. Негізгі мақсат — жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаудың маңызын түсіндіру.
Жыл басынан бері СҚО жолдарында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 27 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 3 бала қаза тауып, 29-ы жарақат алды. «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы құқықтық сананы ерте жастан қалыптастыруды талап етеді. Осыған байланысты СҚО полицейлері жазғы демалыс кезінде әрбір баланың жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыс негіздерін білуі үшін жүйелі түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.