
Полицейлер Солтүстік Қазақстан облысына есірткі жеткізудің тағы бір арнасының жолын кесті. «Оңтүстік» бақылау-өткізу бекетінде тәртіп сақшылары «Audi» автокөлігін тоқтатты. 26 жастағы жолаушының күртесінің ішінен вакуумды қаптамаға салынған сары түсті желе тәрізді зат оралған түйіншек табылды.
Сараптама оның салмағы 1200 грамм болатын гашиш майы екенін көрсетті. Полицейлердің айтуынша, мұндай көлемдегі есірткі 3 мыңнан астам адамды нашақорлыққа тартуға жетеді.
Күдіктінің жалдамалы пәтерін тінту барысында полицейлер «жасырын орындарға» салуға дайындалған орамдардағы 100 грамм α-PvP синтетикалық есірткісін, электронды таразыларды және тыйым салынған заттарды өлшеп-орауға арналған өзге де құралдарды тәркіледі.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жалпы, жыл басынан бері СҚО-да полицейлер есірткі жеткізудің 10 арнасының жолын кесті.