
Петропавлда 16 жасқа толған IT-мектеп-лицейінің төрт оқушысына алғашқы жеке куәліктерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға полиция және қоғам өкілдері қатысты. Жас азаматтарды қалалық мәслихат депутаты, Қазақстан Халық партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Болат Қожахметов құттықтады. Ол жеке куәлік — бұл тек алғашқы ресми құжат қана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілік пен өз еліне тиесіліктің белгісі екенін атап өтті. Сондай-ақ қазақстандық паспорт иелері әлемнің 79 еліне визасыз бара алатынын айтты.
Жалпы, қаңтар айынан бері облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі солтүстікқазақстандықтарға 14 196 жеке куәлік пен 5 661 паспорт рәсімдеуге көмектесті.
СҚО полиция департаментінде еске салғандай, биылдан бастап жеке куәлікті алғаш рет алу және оның қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ауыстыру мемлекеттік баж салығын төлемей жүзеге асырылады. Қызмет Қазақстанның кез келген халыққа қызмет көрсету орталығында тіркелген жеріне қарамастан қолжетімді. Жеке куәлікті дайындаудың стандартты мерзімі — 15 жұмыс күні.
Полицейлер «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында құжаттарды уақтылы рәсімдеуге және жастармен жұмысқа, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға ерекше көңіл бөледі.
Ведомствода еске салғандай, тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұру әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.