
Қазақстан Республикасы ІІМ жүйесінің қызметкерлерін біріктіретін «Арлан» спорт клубы Отан қорғаушылар күніне және 11 мамыр — оқу-жаттығу взводының құрылған күніне орай шағын футбол турнирін ұйымдастырды. Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті атынан жарысты ұйымдастыруға арнайы және кәсіби даярлық басқармасының қызметкерлері қатысты.
Жасыл алаңда өңірдің құқық қорғау құрылымдары, Айыртау және Тимирязев аудандық полиция бөлімдері мен Ұлттық қауіпсіздік органдарының 13 командасы бақ сынады. Сондай-ақ жарысқа полиция ардагерлерінің құрама командасы құрметті қонақ ретінде қатысты.
Жарыс екі күнге созылды. Қорытындысында СҚО ПД командасы жеңімпаз атанып, кубокты иеленді. Екінші және үшінші орындарды Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылымдарының командалары — Шекара қызметі мен департамент өкілдері еншіледі.
Жеңімпаздар мен қатысушыларды СҚО ПД бастығы Абай Жүсіпов марапаттап, құқық қорғау органдары арасында салауатты өмір салтын насихаттау және спорттық бәсекелестік мәдениетін дамыту мақсатында «Арлан» спорт клубының жұмысын одан әрі жандандыруға шақырды.