
Отан қорғаушылар күні қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде салтанатты саптық жиын өтті. Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалғаннан кейін СҚО ПД бастығы, полиция полковнигі Абай Жүсіпов жеке құрамды келе жатқан мерекемен құттықтады. Бұл күн полиция қызметкерлері үшін ерекше мәнге ие, өйткені олардың басты міндеті — Заң мен Тәртіпті сақтай отырып, халық пен мемлекетке қызмет ету.
Екі тәжірибелі офицерге кезекті арнайы «полиция полковнигі» атағы берілді. Серік Әлжанов облыстық полиция департаментінің ең ірі құрылымдық бөлімшесі — Петропавл қаласы полиция басқармасын басқарады. Оның қызметкерлері қылмысқа қарсы күрес пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде негізгі жүктемені атқарады. Юрий Семенько тылдық қамтамасыз ету басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарады.
Сондай-ақ бұл атақ мерзімінен бұрын жедел әрекет ету арнайы жасағының командирі Самат Жантасовқа және Уәлиханов ауданы полиция бөлімінің бастығының орынбасары Азат Бекболатовқа берілді.
Тағы екі қызметкерге «полиция подполковнигі», біреуіне «полиция майоры» атақтары берілді. «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен ақпараттандыру және байланыс басқармасының аға инженері Денис Кирица марапатталды. Цифрландыру дәуірінде бұл қызмет полиция бөлімшелерінің тиімді жұмысын қамтамасыз етеді.
Бірқатар қызметкерлер ҚР ІІМ мен СҚО ПД-ның төсбелгілерімен, грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды. Марапаттау рәсімінен кейін тәртіп сақшылары үрмелі оркестр сүйемелдеуімен салтанатты шерумен өтіп, қызмет орындарына тарқасты.