Командир — соңынан ерте білетін көшбасшы: полиция полковнигі Самат Жантасов

Командир — соңынан ерте білетін көшбасшы: полиция полковнигі Самат Жантасов

Интернет-мем әуесқойларына таныс плакат Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті жедел әрекет ету арнайы жасағының командирі Самат Жантасовтың кабинетінде ілулі тұр. Онда әмір беретін «бастық» пен соңынан ертетін «көшбасшы» бейнелері салыстырылған.
2020 жылдан бері арнайы жасақты басқарып келе жатқан Самат Жантасов үшін бұл жай ғана безендіру емес, жұмыс қағидасы.

— Бұл өзіме үнемі еске салу: командир сыртта қалмауы тиіс, — дейді ол. — Бастық өкілетке сүйеніп «барыңдар» дейді, ал көшбасшы сенімге сүйеніп «менімен бірге» дейді. Командир өзі баруға дайын емес жерге адамдарын жіберуге моральдық құқығы жоқ. Арнайы бөлімде бұл — теория емес, адамдардың қауіпсіздігі мен өмірі.

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Самат Жантасовқа полиция полковнигі атағы берілді. Бұл оның жүріп өткен жолына көз жүгіртуге негіз болды.

Саматтың арнайы бөлімге жолы бала кезден басталған. Ол бұл арманынан айныған жоқ. Спорт мектебінде оқып жүргенде-ақ болашақ мамандығын айқындап қойған. Спорт оған мінез қалыптастырып, тәртіп пен өз-өзіңді жеңуді үйретті.

— Мен үшін спорт — медаль емес, өзіңді жеңу. Күш қалмаған сәтте де шешуші қимыл жасауға күш табу — нағыз жеңіс, — дейді ол.

Бұл ұстаным оның командирлік стилінің негізіне айналған. Тағы бір қағида — құрмет шенмен бірге берілмейді, оны күн сайын еңбектеніп алу қажет.

— Құрметтің негізі — адалдық пен әділдік, — дейді Самат. — Әр қызметкер өз ісіне сенімді болуы керек: дұрыс болса — қорғаймын, кінәлі болса — қатаң сұраймын. Әрқайсысы — жеке тұлға.

Арнайы жасақтағы қызмет тұрақты психологиялық жүктемемен байланысты. Сондықтан ұжымдағы ахуалға ерекше көңіл бөлінеді. Психологтардың қатысуымен тренингтер мен командалық жаттығулар өткізіледі.

Командир әр қызметкердің жағдайын жеке бақылауда ұстайды. Шаршау, ашушаңдық немесе тұйықталу — бәрі назардан тыс қалмайды.

— Стреске төзімділік — дамытылатын қасиет. Жаттығу арқылы қиын жағдайда да сабырлы әрі нақты әрекет етуге үйренуге болады, — дейді ол.

Офицері үшін басты талап — тиімділік. Арнайы жасақ түрлі бағыттағы қызметтерге қолдау көрсетеді. Мысалы, киберқылмысқа қарсы бөліммен бірге сауда орындарында кезекшілік атқарып, интернет-алаяқтықтың алдын алады. Банкоматтар маңында күмәнді жағдайда ақша аударып жатқан адамдарға дер кезінде ескерту жасап, ірі шығынның алдын алады.

Осы бағыттағы нәтижелі жұмысы үшін алты қызметкер марапатталды, тағы он адам көтермелеуге ұсынылды. Жалпы, олардың көмегімен азаматтар 60 миллион теңгесін сақтап қалды.

Қызметтен тыс уақытта Самат Жантасов — қамқор әке. Оның екі қызы мен кішкентай ұлы бар. Қыздары спортта жетістікке жетіп, көркем гимнастикамен қатар бокспен де айналысып жүр.

— Әкелік — шыдамдылық пен түсіністікке үйретеді. Әр адамға жеке тәсіл керек. Бірақ үйде мен — командир емес, әке, — дейді ол.

Өмірлік ұстанымы туралы сұраққа Самат Жантасов:

— Кез келген жағдайда адам болып қалу. Ар-ұжданға қарсы әрекет етсең — жеңілгенің. Лауазым да, жағдай да өтпелі, ал ар мен есім мәңгі қалады, — деп жауап береді.

Бұл сөздерде — әр шешім секундына қабылданатын, бірақ жауапкершілігі жылдарға созылатын мамандықтың мәні жатыр.