
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер Тайынша ауданының ауылдары мен аудан орталығында жасалған мал ұрлығының бірнеше дерегіне қатысы бар деген күдікпен төрт жас жігітті ұстады.
Қылмыстық топ сәуір айының басынан бері әрекет еткен. Күдіктілер қоралардан қой ұрлаған. Айта кетерлігі, мал иелерінің ешқайсысы жануарлардың жоғалғанын өз бетінше байқамаған. Қылмыстар полицияның күнделікті жедел-профилактикалық жұмысы барысында анықталды.
Криминалдық полиция қызметкерлері төрт күдіктінің жеке басын анықтады. Олар — жасы 20 мен 24 аралығындағы жергілікті тұрғындар. Аудан орталығындағы бейнебақылау камералары күдіктілердің бірінің ұрланған малды «ВАЗ 2112» автокөлігінің жүксалғышы мен салонында тасымалдап, сатып алушыға жеткізгенін тіркеген. 1 мамыр күні, малды өткізгеннен кейін бірден күдіктілер ұсталды.
Қазіргі уақытта мал ұрлығының төрт дерегі бойынша тергеу жүргізілуде. Барлығы 23 бас мал ұрланған. Оның 12-сі сатып алушылардан алынып, заңды иелеріне қайтарылды. Күдіктілердің өзге де ұқсас қылмыстарға қатысы тексерілуде. Мал сатып алушының жауапкершілігі мәселесі қаралуда.
Полицейлер ауыл тұрғындарын қырағы болуға, қора-жайларды көрінетін жерлерге орналастыруға және өздеріне тиесілі малды қорғау бойынша өзге де шаралар қабылдауға шақырады. Жыл басынан бері СҚО-да 6 мал ұрлығы тіркеліп, олардың барлығы ашылды.