«КамАЗ» қоқыс үшін ірі айыппұл: СҚО-да стихиялық қоқыс орны жойылды

«КамАЗ» қоқыс үшін ірі айыппұл: СҚО-да стихиялық қоқыс орны жойылды

Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы Донецкое ауылы маңында полицейлер заңсыз қоқыс төгілген орынды анықтады. Оның пайда болуына себеп болғандардың бірі — 45 жастағы жергілікті тұрғын. Ол «КамАЗ» жүк көлігімен аталған аумаққа көң төгіп кеткен.

Құқық бұзушы абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 86 500 теңге көлемінде айыппұл төледі. Сонымен қатар, полицияның талабы бойынша заңсыз төгілген қалдықтарды өзі шығарып әкетті.

Ауылдық округ тұрғындарымен және жергілікті атқарушы органдармен мұндай фактілердің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Полиция атап өткендей, заңсыз қоқыс орындарын анықтау және жою — «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Оның мақсаты — өңірде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тазалық пен тәртіпті сақтау. Жыл басынан бері тек облыс орталығының өзінде абаттандыру қағидаларын бұзудың шамамен 2 мың дерегі анықталды. Көп жағдайда ескерту беріледі, ал өрескел құқық бұзушыларға айыппұл салынады.