СҚО-да полицейлер бірнеше сағат ішінде ер адамды құтқарып, ұрлықты ашты

СҚО-да полицейлер бірнеше сағат ішінде ер адамды құтқарып, ұрлықты ашты

«Көмектесіңіз, жағдайым нашар, жүрегім ауырып тұр, аяқтарым жансызданып барады…» — осындай қоңырау таңғы сағат 5 шамасында СҚО Аққайың ауданы полиция бөліміне «102» арнасы арқылы түсті.

Осы сәтте қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің қызметкері Марат Молғаждаров қызметте болған. Бір сәт те жоғалтпай, көрсетілген мекенжайға барып, ауыр халдегі ер адамды анықтады. Болжам бойынша, аудан орталығының 67 жастағы тұрғыны көмек сұрағанда «102» мен «103» нөмірлерін шатастырып алған.

Полиция қызметкері оны жедел түрде медициналық мекемеге жеткізді. Сол күні ол науқастың жағдайын білу үшін барып, денсаулығы тұрақталғанына көз жеткізді. Зейнеткер уақтылы көрсетілген көмек үшін алғысын білдірді.

Сонымен қатар, Қытайдан Аққайың ауданына қоныс аударған қандас жедел уәкілдер мен тергеушілердің жұмысына ризашылығын хат арқылы жеткізді. Ол мекемелердің бірінде құжаттары мен ақшасы бар барсетканы ұмытып кеткен. Жоғалғанын байқаған соң, полицияға жүгінген.

Тәртіп сақшылары ұрлықты «ізін суытпай» ашып, бірнеше сағат ішінде мүлікті иесіне қайтарды. Ұрлық жасаған 74 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. 25 мың теңге көлеміндегі ақша қол сұғылмай сақталған. Жәбірленуші татуласу туралы шешім қабылдады.

Полицейлер кез келген жағдайда — өмірге қауіп төнгенде де, мүлікке қол сұғылғанда да — дер кезінде көмекке жүгінудің маңызын еске салады. «Заң мен Тәртіп» — бұл тек құқық бұзушылықтардың жолын кесу ғана емес, қиын сәтте көмек көрсетуге дайын болу.