СҚО-да полицейлер әлеуметтік желі қолданушыларына 30-ға жуық сұраққа түсініктеме берді

СҚО-да полицейлер әлеуметтік желі қолданушыларына 30-ға жуық сұраққа түсініктеме берді

Петропавл тұрғындарын жол қауіпсіздігі мәселелері алаңдатады — мұны «Жолдағы қабылдау» республикалық акциясы аясында әлеуметтік желілерде өткен тікелей эфир көрсетті.

Пайдаланушылардың сұрақтарына әкімшілік полиция, процессингтік орталық және көші-қон қызметінің тәжірибелі қызметкерлері жауап берді. Барлығы 30-ға жуық сұрақ түсті, олардың басым бөлігі жол қозғалысын ұйымдастыруға қатысты ұсыныстар мен ескертулер болды.
Пайдаланушылардың бірі Петропавл теміржол вокзалы маңындағы алаңда орнатылған жол белгілерінің өзектілігін қайта қарауды ұсынды. Полицейлер кері байланыс үшін алғыс білдіріп, қауіпсіздікті арттыру және қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау мақсатында мәселе қосымша зерделенетінін жеткізді.

Көші-қон қызметінің қызметкерлері жақын шетелдерден келген туыстарды тіркеу тәртібін түсіндіріп, есепке қоюдың кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын алгоритмін еске салды.

Сондай-ақ, тұрғындарды жол ақаулары мен жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері туралы хабарлаудың байланыс арналары қызықтырды. Полицейлер жедел әрекет ету үшін «102» арнасын, «102» мобильді қосымшасын немесе Halyk, Kaspi және eGov mobile қосымшаларындағы «Заң мен Тәртіп» сервисін пайдалануға кеңес берді.

Сонымен қатар, полицейлер әкімшілік заңнамадағы өзгерістер туралы ақпарат берді. Бұл өзгерістер цифрлық технологиялардың дамуын ескере отырып, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Енді жасанды интеллект көмегімен көлік жүргізу кезінде телефон пайдалануды, жанбай тұрған фарларды анықтау, сондай-ақ техникалық байқаудың, сақтандыру полисінің мерзімінің өтуін, қару сақтау рұқсатының жарамдылық мерзімінің аяқталуын және басқа да бұзушылықтарды тіркеу мүмкіндігі бар.

«Жолдағы қабылдау» акциясы — халықпен ыңғайлы форматта өтетін ашық диалог. Ол «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында қоғам мен полиция арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған.

Жыл басынан бері СҚО-да 100 жол-көлік оқиғасы тіркелді (15 адам қаза тауып, 131 адам жарақат алды); олардың 92%-ында жүргізушілер кінәлі.