Абайдан Джеки Чанға дейін: СҚО полицейлерінің кітапқа деген талғамы

Абайдан Джеки Чанға дейін: СҚО полицейлерінің кітапқа деген талғамы

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Абай Жүсіпов ведомство фойесіндегі кітап көрмесінің сөрелерін жеке өзі толықтырды — ол 1942–1944 жылдары жазылған Александр Бектің «Волоколамское шоссе» повесін қалдырды. Шығарма Панфилов дивизиясының батальон командирі, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының естеліктеріне негізделген. Жеке құрамға бұл кітаппен міндетті түрде танысу тапсырылды.

Полицейлердің әдеби талғамы олардың қызметі сияқты алуан түрлі болып шықты: қазақ классикасы, Абай, Мағжан Жұмабаев, тарихи романдар, Жюль Верн шығармалары, маршал Жуковтың мемуарлары, отандық детективтер, тіпті Джеки Чанның өмірбаяны да бар. Осындай шағын кітап көрмелері өңірдің барлық полиция бөлімшелерінде ұйымдастырылды. Қызметтің қарбалас ырғағына қарамастан, қызметкерлер уақыт тауып, кітаптарды қызығушылықпен оқып, үйлеріне алып кетіп, өз кітаптарын да әкелуде.

Жеке құрамды мерекемен құттықтай отырып, Абай Жүсіпов өзін-өзі дамыту мен кітап оқудың тек жеке таңдау емес, кәсіби және мәдени өсудің негізі екенін атап өтті. Кітап — кез келген жастағы адам үшін білім мен рухани байлықтың қайнар көзі болып қала береді.

23 сәуір Қазақстанда ресми түрде Ұлттық кітап күні ретінде аталып өтеді. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен енгізіліп, 2024 жылдан бастап Үкімет қаулысымен бекітілген. Аталған күн ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнімен тұспа-тұс келеді.