34 жыл құжатсыз жүрген: СҚО-да ер адамға алғаш рет жеке куәлік берілді

34 жыл құжатсыз жүрген: СҚО-да ер адамға алғаш рет жеке куәлік берілді

58 жастағы ер адамның жағдайын Қызылжар ауданының учаскелік полиция инспекторы Бахтияр Амангелдиев анықтады. Жақында көшіп келген азаматпен әңгімелесу барысында оның 1992 жылы барлық құжаттары, оның ішінде кеңестік төлқұжаты ұрланғаны белгілі болған. Содан бері ол құжаттарын қайта қалпына келтіре алмаған. Шахтада ресми тіркеусіз жұмыс істеп, мемлекеттік органдарға жүгінбеген, ұзақ жылдар бойы құқықтық алаңнан тыс өмір сүрген.

Учаскелік инспектордың араласуынан кейін жағдай өзгерді. Оның бастамасымен ер адам көші-қон қызметіне жүгінді. Құжаттарының мүлдем болмауы жеке басын анықтау үшін ұзақ тексеруді талап етті, рәсім бірнеше кезеңнен тұрды. Соған қарамастан, полицейлер оның азаматтығын анықтай алды.

Аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында оған алғаш рет жеке куәлік берілді. Енді ол медициналық көмекке, әлеуметтік төлемдерге және бұрын қолжетімсіз болған өзге де құқықтарға қол жеткізді.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон қызметінің қызметкерлері құжатсыз өмір сүріп келген 17 адамның құқықтық мәртебесін анықтады. Тағы бірқатар материалдар қаралу үстінде. Полицейлер еске салады: құжаттарды алғаш рет ресімдейтін азаматтар мемлекеттік баж төлеуден босатылады.