СҚО-да полицейлер денсаулығы күрт нашарлап, жол апатына ұшырай жаздаған жүргізушіге көмектесті

СҚО-да полицейлер денсаулығы күрт нашарлап, жол апатына ұшырай жаздаған жүргізушіге көмектесті

СҚО Есіл ауданында Корнеевка мен Заградовка ауылдарының арасында жол жиегіндегі кюветте тұрған автокөлікті Заградов ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Саян Раимбеков байқап қалған. Көліктің ішінде Айыртау ауданының 46 жастағы тұрғыны болған.

Оның айтуынша, қан қысымы кенеттен көтеріліп, өзін жайсыз сезінгендіктен көлікті басқара алмай, жол жиегіне шығып кеткен. Жол бойындағы қалың өсімдіктер автокөліктің аударылып кетуіне жол бермеген. Ер адам ауруханаға жатудан бас тартып, дәрі қабылдағанын айтып, өзін Қызыләскер ауылындағы туыстарына жеткізуді сұраған.

Саян Раимбеков Корнеев ауылдық округінің учаскелік инспекторы Диас Жанайдардан көмек сұраған. Екі полицей бірігіп «Volkswagen Passat» автокөлігін кюветтен шығарып, кейін жүргізушіні көрсетілген мекенжайға жеткізді. Жол үстінде оның жағдайы жақсарған. Ол көрсетілген көмек үшін полицейлерге алғыс білдірді.

Құқық қорғау органдары жүргізушілерді өз денсаулығына, көліктің техникалық жағдайына мұқият қарауға және жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.